Енді тіркеу иесінің құқықтық мәртебесіне сәйкес келетін жеке басын куәландыратын құжаттар негізінде жүргізіледі. Жеке басын растау үшін құжаттың түпнұсқасын да, цифрлық құжаттар сервисі арқылы оның электрондық нұсқасын да ұсынуға рұқсат етіледі.
Шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшін құжаттар тізбесі нақтыланды. Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер тұруға ықтиярхатты, ал азаматтығы жоқ адамдар тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы белгісі бар тиісті куәлікті ұсынады.
Уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өз мемлекеттерінің құзыретті органдары берген жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасын ұсынуға міндетті.
Шетелде берілген азаматтық хал актілерін тіркеу туралы құжаттар республиканың заңнамасына сәйкес келген және консулдық легализация немесе апостиль болған жағдайда Қазақстанда танылады. Мұндай құжаттар қазақ немесе орыс тіліне аударылуға тиіс, ал аударманың түпнұсқалығын нотариус, дипломатиялық өкілдік, консулдық мекеме немесе шет мемлекеттің уәкілетті сыртқы саясат органы куәландыра алады.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар қатысатын неке қиюды тіркеу кезінде тегі ауысқан жағдайда тіркеуші органның қызметкері құжат берген елдің заңнамасына сәйкес жеке басын куәландыратын құжатты ауыстыру қажеттігі туралы өтініш берушіге хабарлайды.
Мүдделі тұлғалардың өтініші бойынша тіркеуші орган немесе Қазақстанның шетелдегі мекемесі елден тыс жердегі актілерді тіркеу туралы мәліметтерді цифрлық жүйеге енгізе алады. Тууды тіркеу цифрлық жүйеде тікелей жүргізілетіндіктен, бұған кірмейді.
Бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеде күшіне енеді.