Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров үкімет отырысында мәлімдеді. Қазіргі уақытта аймақта 840 елді мекеннің 606-сы газдандырылған, ал халық саны бойынша газдандыру деңгейі 88%-ды құрайды.
Өткен жылы 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде табиғи газды шамамен 102 мың адам тұратын 41 елді мекен алды.
Ағымдағы жылы жұмыстарды жалғастыру және 74 нысанның құрылысына 13,7 млрд теңге бағытталды. Жыл соңына дейін 34 елді мекеннің 35 мыңнан астам тұрғынын газбен қамтамасыз ететін 33 нысанды іске қосу жоспарлануда. Қалған 41 нысан келесі жылға ауысады.
Нәтижесінде аймақтың газдандыру деңгейі 90%-ға дейін өседі, ал табиғи газ 640 елді мекендегі шамамен екі миллион тұрғынға қолжетімді болады.