Экономика

Қазақстанда бірыңғай QR жүйесі миллионға жуық транзакцияны өңдеді

2026 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда бірыңғай QR-код арқылы мобильді төлемдердің банкаралық жүйесі жұмыс істей бастады.

23 шілде 2026 · 11:44·Оқу: 2 мин

Қазақстанда бірыңғай QR жүйесі миллионға жуық транзакцияны өңдеді
Фото: TR Kazakhstan редакциясы
TR Kazakhstan редакциясыТілші·23 шілде 2026

Төлемді кез келген банктің терминалы арқылы жүргізуге болады. Жүйені техникалық тұрғыдан Ұлттық банктің еншілес ұйымы — Ұлттық төлем корпорациясы қамтамасыз етеді.

Бизнес үшін бұл төлемдерді қабылдау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Кәсіпкерлер қолданыстағы терминал арқылы кез келген банктің клиенттерінен QR-төлемдерді қабылдай алады.

Сатып алушылар үшін бірыңғай QR арқылы төлем тегін. Бизнес үшін банкаралық төлемдер кезінде осы жүйе арқылы алынатын комиссия карта бойынша комиссиядан аспауы тиіс.

Егер сатып алушы мен sатушы бір банкте қызмет көрсетілсе, тарифті банктің өзі белгілейді. Әртүрлі банктерде 1% сатып алушының банкіне кетеді, қалғаны кәсіпкердің банкіне түседі. Ұлттық төлем корпорациясы бірыңғай QR бойынша төлемдер үшін 0,05% алады және телефон нөмірі арқылы аударымдар үшін ештеңе алмайды.

Ұлттық банк банктердің тарифтік саясатын қадағалайды. Бұған дейін Visa, Mastercard және UnionPay-пен бірлесіп, екі жыл ішінде банкаралық комиссияларды екі есе төмендетті: бұқаралық сегментте — 1,8–2,0%-дан 1,0%-ға дейін, премиум сегментте — 2,4%-дан 1,2%-ға дейін, суперпремиум сегментте — 2,45%-дан 1,4%-ға дейін.

Бірыңғай QR басқа төлем тәсілдерін жоймайды — қолма-қол ақша, карталар және ішкібанктік QR қолжетімді болып қалады. Болашақта жүйе негізінде сұраныс бойынша төлем, компаниялар арасындағы және мемлекетпен есеп айырысулар, сондай-ақ шетелге төлемдер іске қосылады деп жоспарлануда.

Ағымдағы жылдың 17 шілдесінен бастап жүйе арқылы шамамен 1 млн транзакция өтті. Бірыңғай QR және телефон нөмірі арқылы аударымдардан басқа, жақын арада маркетплейстерде төлем жасау және қашықтан төлемдер үшін тағы екі қызмет пайда болады.

Пікірлер