Экономика

Прокуратура 80 мың кәсіпкердің мемлекеттік сатып алу порталына құқықтарын қалпына келтірді

Астана прокуратурасы мемлекеттік сатып алулар веб-порталына жылдық тарифтерді сату кезіндегі бұзушылықтарды анықтап, олардың жойылуына қол жеткізді.

10 шілде 2026 · 07:47·Оқу: 2 мин

Прокуратура 80 мың кәсіпкердің мемлекеттік сатып алу порталына құқықтарын қалпына келтірді
Фото: TR Kazakhstan редакциясы
TR Kazakhstan редакциясыТілші·10 шілде 2026

Жылдық тарифті төлеген пайдаланушылар төлем күніне қарамастан, порталды тек күнтізбелік жылдың соңына дейін пайдалана алатын. Нәтижесінде қызметтің нақты мерзімі жиі бір жылдан аз болып шығатын.

Сонымен қатар, жекелеген тарифтердің құны уәкілетті орган бекіткен мөлшерден асып түсетін. Тексеру нәтижесінде қызмет көрсету тәртібі мен тарифтерді қалыптастыруды реттейтін нормативтік акт жоқ екені анықталды.

Прокурорлық ден қою шараларының қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі осы олқылықтарды жойған нормативтік құқықтық акт қабылдады. Енді порталға қол жеткізу туралы шарттардың қолданылу мерзімі төлем күнінен келесі жылдың сәйкес күніне дейін есептеледі. Қызмет құны қайта есептелді, ал кәсіпкерлерге артық төленген сомалар қайтарылды.

Нәтижесінде шаралар 80 мыңнан астам кәсіпкер мен 400-ден астам инвесторға әсер етті. Жіберілген бұзушылықтар үшін үш лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Астана прокуратурасы кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды жұмыстың басым бағыттарының бірі деп санайды. +7 (747) 216-15-58 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы жүгінуге болады.

Пікірлер